Сенат комитетінде экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықты әкелуді реттеу мәселелері бойынша заң жобасы қаралды
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінде «Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне экологиялық қауіпті технологияларды,
техника мен жабдықты әкелуді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Мемлекет басшысының 2007 жылғы ақпанның 28-дегі «Жаңарған әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауына сәйкес әзірленген заң жобасы табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қоршаған ортаның ластануын, көнерген және зиянды технологиялардың бақылаусыз әкелінуін шешу мәселелері бойынша заңнамалық негіз қалыптастыруға бағытталған.Еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заң жобасы пайдалану мерзімі өткен және экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін технологияларды, техникаларды және жабдықтарды Қазақстанға әкелуді шектейді. Заң жобасында Экологиялық кодекстің экологиялық қауіпті пайдалану мерзімі өткен технологияларды, техника мен жабдықтарды Қазақстан Республикасына әкелуді реттеу, мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижесі бойынша бірнеше рет қауіпті деп танылған технологиялардың жекелеген түрлерін әкелуге тыйым салу бөліктерін нақтылау қарастырылған.Тұжырымдамалық тұрғыда мақұлданған заң жобасы палатаның қарауына жіберілді.