Сенат комитетінде фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері туралы заң жобасы қаралды
АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат. Бүгін Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заң жобасы «Өсімдіктер карантині туралы», «Өсімдіктерді қорғау туралы», «Лицензиялау туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.Заң жобасының негізгі мақсаты карантин және өсімдіктерді қорғау саласында іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың құзіретін нақтылау мен аражігін ажырату болып табылады.Карантин нысан ошақтарын анықтау, оларды оқшаулау мен жою жөніндегі қазіргі кезде «Фитосанитария» РМК атқарып отырған қызметті бөлу ұсынылып отыр.
Атап айтқанда, карантиндік нысандарды ошақтарын анықтау қызметі Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Республикалық фитосанитариялық диагностика мен болжам әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесіне берілетін болды.
Талқылау барысында Сенаттың тұрақты комитеттерінің ескертпелері мен ұсыныстары ескеріліп, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына уәкілетті органның құзіретін нақтылау, жеке кәсіпкер мен заңды тұлғаның қызметіне өсімдіктер карантинін тоқтату және тыйым салу бөлігіндегі мемлекеттік инспектордің құқығын айқындау жөнінде түзетулер енгізілді.Сондай-ақ заң жобасының жекелеген ережелерін жақсартатын, мәтіндік және нақтылау сипатындағы және оларды қолданыстағы заңнамалар ережелеріне сәйкес келтіретін түзетулер енгізілді.
Заң жобасы палатаның қарауына жіберілді.