Сенат комитетінде индустриялық қызметті қолдауға арналған заң жобасы талқыланды
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.
Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылады.
Естеріңізге сала кетейік, аталған құжат «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» заңға ілеспе құжат ретінде қамтылған болатын. Осыған орай заң жобасы бірінші оқылымда Сенаттың жалпы отырысында мақұлданған еді. Құжаттың негізгі мақсаты қолданыстағы заңнама нормаларын осы заңға сәйкестендіру болып табылады және сол бағытта бірқатар заңнамаларға өзгертулер енгізіледі. Атап айтқанда, Жер кодексіне индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру үшін уақытша жер пайдалану құқығында жер учаскелерін бөлу мүмкіндігін беру бөлігінде, Салық кодексіне ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық деп танылған жұмыстардың нәтижесі Қазақстан аумағында алғаш рет енгізілген жағдайда, аталған жұмыстарды орындауға жұмсалған шығыстарға салық салуды азайту шаралары көзделеді. Бұдан бөлек, индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінен өнімді кепілді түрде сатып алу шеңберінде сатып алуды жүзеге асыру қарастырылады.
Сонымен қатар, заң жобасы индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды іске асыру бойынша заңнаманы уақтылы реттеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ экономиканың басым салаларының жұмыс істеуін және пәрменді дамуын жетілдіруге, ұзақ мерзімді перспективада ұлттық экономиканың орнықты өсуі мен оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін болады.
Заң жобасы палатаның жалпы отырысында талқыланатын болады.