Сенат комитетінде исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру туралы заң жобасы қаралды
АСТАНА. 17 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
Сенат отырысында бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасындағы «мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз» ұғымы кеңейе түсетін болады.
Атап айтқанда, мемлекеттік исламдық бағалы қағаз мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз болып табылады, оны ұстаушының қосалқы жалдау шарты негізінде активтерді пайдаланудан түскен табыстарды алуға құқықтарын куәландыратын болады.
Заң жобасымен ондағы ережелерді қолданыстағы заңнаманың басқа ережелерімен сәйкестендіруге бағытталған өзгерістер де енгізілетін болады.
Заң жобасы палатаның қарауына ұсынылды.