Сенат комитетінде Қазақстан мен Беларусь арасындағы келісімді тоқтатуға бағытталған құжат қаралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында «1999 жылғы 2 ақпандағы ҚР Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Тауарларды (жұмыстарды) экспорттау және импорттау кезінде жанама салықтарды өндіріп алудың принциптері туралы келісімнің қолданысын тоқтату туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

Сенат комитетінде Қазақстан мен Беларусь арасындағы келісімді тоқтатуға бағытталған құжат қаралды

«Қазақстан мен Беларусь елі арасындағы келісімге 1999 жылы қол қойылған, бұл ретте құжат тауарлар мен жұмыстардың экспорты мен импорты барысында жанама салықтарды екіжақты форматта алуды қарастыратын болған. Ал кейін Кедендік одақ құрылғалы дәл осыған ұқсас келісім күшіне енді, сондықтан бұл құжатты тоқтатқан ләзім», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев. Оның айтуынша, Кеден одағында қолданылып жүрген Келісім екіжақты Келісімде көзделген тауарларды (жұмыстарды) экспорттау және импорттау кезінде жанама салықтарды алу қағидаттарын қамтуына байланысты 2011 жылғы 8 қарашада Қазақстан мен Беларусь Республикаларының Қаржы министрліктері екіжақты Келісімнің қолданысын тоқтату туралы Хаттамаға қол қойған.

Заң жобасы алдағы уақытта палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады.