Сенат комитетінде квазимемлекеттік секторда қызмет ететін субъектілердің бәсекелестік ортадағы тиімділігін арттыру мен тәртіпке келтіру мәселелері талқыланды
АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатында Қаржы және бюджет комитеті депутаттарының экономикалық даму және сауда министрлігінің басшылығымен кездесуінде квазимемлекеттік секторда қызмет ететін субъектілердің бәсекелестік ортадағы тиімділігін арттыру мен тәртіпке келтіру мәселелері талқыланды.
Кездесуде әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешудегі квазимемлекеттік сектордың маңызды рөлі аталып өтілді. Мемлекет басшысы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында ұлттық компаниялар құрамына кіретін мемлекеттік холдингтер қызметін корпоративтік басқарудың, есеп беру мен айқындықтың халықаралық тәжірибесін енгізу арқылы тәртіпке келтіру міндетін белгілеген болатын.
Салалық комитет төрағасы Р.Ахметов айтқандай, экономиканың нақты секторын мемлекеттік қолдау бағдарламасында индустриялық-инновациялық кәсіпкерлікті қаржыландыру қарастырылып отыр. Даму институтының басты міндеті экономиканы әртараптандыру жөніндегі инвестициялық жобаларды қаржымен қамтамасыз ету болып табылады.
Бұл үшін қажетті инновациялық инфрақұрылым жасалып, құқықтық негіз қалыптастырылды, инвестиция, салық салу, рұқсат беру рәсімдері мәселелерін реттейтін заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді.
Сонымен бірге депутат даму институттарының қызметіне заңнамалық талаптарды кеңейту, қаражатты ұлғайтуға және несиелеуге бөлінетін бюджет қаржыларын үйлестіру және пайдалануды бақылау түрлерін жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары А.Ескендіров квазимемлекеттік секторды дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру туралы хабардар етіп, депутаттардың сауалдарына жауап берді.