Сенат комитетінде қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимылы туралы заң жобасы талқыланды
АСТАНА. 2 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінде «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылы туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.
Душанбе қаласында 2007 жылғы қазанда жасалған құжатта заңнамаларды үйлестіру, құқықтық көмек көрсету, оның ішінде құжаттарды табыс ету, қылмыстық кірістер мен терроризмді қаржыландыруға арналған қаржыны тұтқындау, тәркілеу, ақпарат алмасуды жүзеге асыру, жедел-іздестіру шараларын жүргізу салаларында негізгі бағыттар мен ынтымақтастық түрлерін белгілеу айқындалған.
Құжатта нормативтік құқықтық база қалыптастырудың ережелері қарастырылған. Оған сәйкес Тараптар, атап айтқанда, қылмыстық кірістер мен терроризмді қаржыландыруға арналған қаржыны іздестіруге, сондай кірістер және қаржымен жасалатын операциялар мен мәмілелерді болдырмауға, оларды жөнелту және басқадай іске араластырудың жолын кесуге құзіретті органдарға мүмкіндік беретін нормативтік құқықтық актілер қабылдай алатын болады.
Комитеттің кеңейтілген отырысында «Кеден одағы бірыңғай кеден аумағының жұмыс істеу режимінен жекелеген уақытша алулар туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да талқыланды.
Екі заң жобасы да палата қарауына жіберілді.