Сенат Комитетінде өлім жазасына қатысты өзгерістер туралы заң жобасы талқыланды
АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат. Бүгін Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының мақсаты қолданыстағы заңнаманы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестендіру болып табылады.Заң жобасымен Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу кодекстері мен «Терроризмге қарсы күрес туралы» заңға өзгерістер енгізу көзделіп отыр.
Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің жалпы бөліміне адамдардың қаза болуына байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін өлім жазасын белгілеу және ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш беру хақы бар екені туралы ереже енгізу көзделіп отыр.Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің 160, 165, 367, 368, 369, 373, 374, 380 баптарына соғыс кезінде жасалған қылмыстары үшін өлім жазасына кесу түріндегі жазаны қарастыратын жаңа бөліктермен толықтырылатын болды.
Қылмыстық кодекстің 233 бабына ескертпе 162,163, 167, 171, 233, 233-1, 233-2, 233-3, 234,238, 239 баптарда қарастырылған қылмыстарды терроршылдыққа жатқызу туралы жаңа екінші тармақпен толықтырылатын болады.Еліміздің Қылмыстық-іс жүргізу кодексіне де өзгерістер енгізілетін болды. Бұдан былай облыстық сотқа өлім жазасы ғана емес, сондай-ақ өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстар жасағаны үшін сотталатын істер жатқызылатын болды.
Сенатта талқылау барысында тұрақты комитеттерден Мәжілісте мақұлданған заң жобаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туралы ұсыныстар түсті. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 160 және 165 баптарына «Нормативтік құқықтық актілер туралы» заңның 28 бабындағы 4 тармақпен сәйкестендіру үшін түзету ұсынылып отыр. Заң жобалары палатаның қарауына жіберілетін болды.