Сенат комитетінде сот-сараптамалық қызметі туралы заң жобасы қаралды
АСТАНА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат. Бүгін Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот-сараптамалық қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
Заң жобасы сот-сараптамалық қызметі туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленген болатын.
Заң жобасымен Қылмыстық іс жүргізу, Азаматтық іс жүргізу, Әкімшілік тәртіп бұзушылық туралы кодекстерге, «Денсаулық сақтау жүйесі туралы», «Лицензиялау туралы» заңдарға өзгерістер енгізу ұсынылып отыр.
Сенатта талқылау барысында Мәжілісте мақұлданған заң жобасына өзгерістер енгізілетін болды.
Атап айтқанда, Азаматтық іс жүргізу кодексінің 91 бабындағы тоғызыншы бөлігін сәйкес келтіру мақсатында заң жобасының 1 бабының 2 тармағы, 3) тармақшасының бесінші азат жолымен сот қаулысының орнына сараптама тағайындау туралы сот белгілемесі қарастырылатын болды.
Одан басқа «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 57 бабының 1 тармағындағы 4) тармақшасына сәйкес келтіру мақсатында «Лицензиялау туралы» заңның 26 бабындағы 1) тармақшасына сот-медициналық, сот-психитриялық және сот-есірткілік сараптама түрлері де енгізіледі.
Заң жобасы палатаның қарауына жіберілетін болды.
Комитеттің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білікті заң көмегін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да талқыланды.
Тұжырымдамалық тұрғыда мақұлданған заң жобасы палатаның қарауына жіберілетін болды.