Сенат комитетінде сот жүйесін жетілдіру жөніндегі заң жобалары қаралды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Құжат судьялардың тәуелсіздігін күшейтуге, судья лауазымына үміткерлерді конкурстық таңдау рәсімдерін жетілдіруге, судья лауазымына үміткерлерді таңдауда жұртшылықтың рөлін күшейтуге, жетекші судья лауазымдарының кадр резервінің рөлі мен мәнін арттыруға бағытталған. Жоғарғы және облыстық сот органдарының құрылымына жалпы отырыс төралқасын қосуды көздейтін толықтыру енгізіледі. Жалпы отырыстарда қарау үшін соттар қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды жалпы отырыстың төралқасы әзірлеуді қамтамасыз ететін болады.
Жобада облыстық соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының бос қызмет орындарына үміткерлерге талаптар бекітілген.
Одан басқа, аудандық соттың төрағасы, облыстық соттың және сот алқаларының төрағалары қызметіне, Жоғарғы Соттың судьялары мен сот алқаларының төрағалары болатын жетекші судья лауазымына таңдау кезінде кадр резервінде тұрған адамға басымдық беріледі.
Сондай-ақ комитетте «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету, төрешілдік рәсімдерді азайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Бұл заң жобасы бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Тұжырымдамалық тұрғыда мақұлданған заң жобалары Палатаға бірінші оқылымда қарауға жіберілді.