Сенат комитетінде сумен жабдықтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты кредиттеу және субсидиялау туралы заң жобасы қаралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 21 мамырда Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамытукомитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сумен жабдықтау және су бұру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты кредиттеу және субсидиялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Сенат комитетінде сумен жабдықтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты кредиттеу және субсидиялау туралы заң жобасы қаралды

Заң жобасының ережелері елді мекендердегі сумен жабдықтау мен су бұрудың дамуын құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған.

Бұл ретте заң жобасымен:

мемлекеттік басқару органдарының сумен жабдықтау саласындағы өкілеттіктерін нақтылайтын нормалар енгізілді, су тұтынушылардың және сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі ұйымдардың құқықтары мен міндеттері реттелді;

сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту мен салуды ұзақ мерзімді және жеңілдікті бюджеттік кредиттеу, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың дамуын экономикалық ынталандыру ретінде субсидиялауды жүзеге асыру түріндегі мемлекеттік қолдау мәселелері реттелді;

сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жүйелерін салу мен жаңғыртуды кредиттеу және субсидиялау қағидаларын әзірлеу мен бекіту жөніндегі ережелер енгізілді;

сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау саласындағы жаңашыл нормаларға сәйкес келтіру мақсатында Су, Жер, Бюджет кодекстеріне және Экологиялық кодекске, «Электр энергетикасы туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы», «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.