Сенат комитетінде жер қойнауын пайдалану туралы заң жобасы талқыланды
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Cенаты Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заң жобасын талқылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасы жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізуге инвестиция тарту үшін жағымды жағдай жасауға, республикалық және өңірлік мүдделер мен минералдық-шикізаттық базаның үйлесімін қамтамасыз етуге бағытталған. Құжатта мемлекеттің басым құқықтарын жүзеге асыру мен жер қойнауын пайдалану құқығы бар заңды тұлғаларды жер қойнауын (оның бөліктерін) пайдалану құқықтарынан айыруға рұқсат беру (рұқсат бермеу) рәсімдерін егжей-тегжейлі реттеу шаралары қарастырылып отыр. Сонымен бірге, заң жобасы бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын конкурстық жағдайда және тікелей келіссөздер арқылы беру көзделеді. Сондай-ақ құзіретті органдар бастамасы бойынша біржақты түрде жер қойнауын пайдалану шарттарының күші тоқтатылған жағдайда оны қайта жаңғыртуды қарастыратын ереже де енгізілді.
Талқылау барысында сенаторлар бірқатар бағыттар бойынша өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Мәселен, стратегиялық маңызды ілеспе газды өңдеу арқылы тиімді пайдалану немесе қоршаған ортаны және халық денсаулығын қорғау үшін мұнай химиясы өнеркәсібіне шикізат ресурстарын алуды қарастыратын түзетулер көзделген. Тоқтала кететін жайт, Мемлекет басшысының 2010 жылғы наурыздың 12-сіндегі «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» №936 Жарлығына сәйкес мұнай мен газ және индустриялық саясатты реттеу саласындағы уәкілетті органдар құзіретінің ара жігін ажыратуды қарастыратын ереже де бар болатын.
Сонымен бірге, жер қойнауын пайдаланушыға оның осы құқығынан айырған жағдайда еншілес ұйым пайдасына құзіретті орган рұқсатын алудың құқықтық тетіктері қарастырылды. Жер қойнауын пайдалану мақсатында заң тәртібімен жерді резервтеуді қарастыратын ереже де енгізілді. Бұдан бөлек, ел заңнамасымен және елімізде ратификацияланған халықаралық келісімдерге сәйкес дауларды шешу тәртібі ұсынылып отыр.
Аталған заң жобасы Сенаттың жалпы отырысына шығарылатын болады.