19:12, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
Сенат комитетінде жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды
АСТАНА. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Экономика және өңірлік саясат комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл заң жобасы 2007 жылғы мамырдың 21-індегі «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң ережелерін жүзеге асыруды мақсат етеді. Заң жобасында жергілікті өзін-өзі басқару органдары болып өкілді органдар ? мәслихаттар және атқарушы органдар - әкімдер болатыны қарастырылған. Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқарудың негізі жергілікті міндеттерді шешуге жергілікті халық сайлаған өкілді орган ретінде мәслихаттар болады. Оған қоса әкімдер жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне кірігіп, мемлекеттік басқару міндеттерімен қатар жергілікті өзін-өзі басқару міндеттерін де жүзеге асыратын болады. Заң жобасы әкімге сенімсіздік білдіру және оны лауазымынан босату туралы ел Президентіне немесе жоғары әкімге мәселе қою туралы мәслихат өкілеттігін бекітеді. Аудандық мәслихаттар құзіреті аясына қалалардың, кенттер мен ауылдар құрылысының бас жоспарын бекіту, ауылдық аумақтағы қаланың, ауылдық округ әкімінің жұмысы туралы есепті қарау, аудан әкіміне тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі әкімді тәртіптік жауапкершілікке ұсыну берілетін болады. Сондай-ақ заң жобасында мәслихаттардың, мәслихаттардың тексеру комиссияларының рөлін күшейту туралы ережелер қарастырылған. Сонымен қатар жобада таңдаушылардың ? мәслихат депутаттарының Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату өкілеттігін жүзеге асыру тәртібі белгіленген. Заң жобасы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заңдарға түзетулер енгізуді көздейді. Заң жобасын қабылдау конституциялық ережелерді жүзеге асыруға, жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдастыру мен қызметін заңнамалық тұрғыда қалыптастыруға, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде халықтың рөлін арттыруға мүмкіндік береді. Заң жобасы палатаның қарауына жіберілді.