Сенат комитетінде жұмыспен қамту және міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері туралы заң жобасы қаралды
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат. Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты халыққа Жолдауын жүзеге асыру мақсатында әзірленген заң жобасы әлемдік қаржы дағдарысы зардаптарын еңсеру, атап айтқанда жұмыссыз азаматтардың уақытша көбеюі жағдайында жұмыспен қамту және міндетті әлеуметтік сақтандыру саласын жетілдіруге бағытталған.Заң жобасында ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар Еңбек кодексіне, «Халықты жұмыспен қамту туралы» және «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңдарға жұмыспен қамту және міндетті әлеуметтік сақтандыру саласын жетілдіруге бағытталған құқықтық, экономикалық және ұйымдастыру сипатындағы кешенді шараларды әзірлеуді көздейді.Заң жобасы халықты жұмыспен қамтудың табысты болуын дамытуға, жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін жағдай жасауға, жұмыссыздар мен толық емес еңбек уақытында жұмыс істейтін еңбеккерлерді әлеуметтік қолдау, сондай-ақ 2009-2010 жылдарда жұмыссыздыққа ұшыраған азаматтардың әлеуметтік қорғалуы үшін қажетті жағдай қалыптастыруға бағытталған.Заң жобасының қабылдануы еңбеккерлердің жұмыстан босатылуы мен толық емес жұмыс уақытына көшуі жағдайына мезгілінде және жедел ықпал етуге, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалудың атаулылығын күшейтеді, қайта оқуға және бюджет қаржысы есебінен қоғамдық жұмыстарға қатысуға құқығы бар адамдар ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.2009 жылғы бюджетті нақтылау барысында аймақтық жұмысқа тарту мен мамандарды қайта даярлау Стратегиясына 140 миллиард теңгені жүзеге асыру қарастырылып отыр.Заң жобасын Сенаттың алдағы аптада болатын жалпы отырысында қарау туралы шешім қабылданды.