Сенат Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы Президенттің референдум тағайындауы туралы мәселені талқылауға кірісті
АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының 2011 жылғы алғашқы жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің республикалық референдум тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының ұсынысы жөніндегі мәселені талқылауға шығарды.
Естеріңізге сала кетейік, бастамашылар ҚР Тұңғыш Президенті‑Елбасының өкілеттігін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу мәселесін көтеріп, ол Орталық сайлау комиссиясында тіркеуден өткен соң, Парламент Мәжілісінде дәл осы жайт талқыланған болатын әрі ол бойынша Конституцияға да өзгерістер енгізуге қатысты сөз болған еді. Нәтижесінде, төменгі палата Мемлекет басшысының атына референдум тағайындау туралы Үндеу жолдап, «Сіз республикалық референдумда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың Президенттік өкілеттілігін ұзарту мерзімін көздейтін ҚР Конституциясына өзгеріс енгізу туралы заңды қабылдайсыз ба?», - деген мәселені шығаруды өтінген. Депутаттардың ұсынысымен қоса Мемлекет басшысының атына ҚР Конституциясына өзгеріс енгізу туралы Заң жобасы бірге жолданды. Тоқтала кететін жәйт, Конституция нормаларына, сондай-ақ «Республикалық референдум туралы» заң баптарына сәйкес, Парламент палаталарының бөлек отырыстарында, әуелі Мәжілістің, сонан соң Сенаттың қарауы арқылы республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтеріледі. Ол бойынша шешім Парламент палаталарының тиісті қаулыларымен бекітіледі.
Ал соңғы мәліметтерге сүйенсек, ҚР Тұңғыш Президентінің өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі республикалық референдум өткізу туралы бастаманы қолдауға 2 млн. 590 қол жиналған.