Сенат Конституцияның 78-бабын іске асыруды қарастыратын құжатты Мәжіліске жіберді
АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылады. Құжатқа бірқатар түзетулер енгізіліп, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.
Аталған жобаға Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған болатын. Сондай-ақ, құжат ҚР Конституциясының 78-бабын қолдануға байланысты қолданыстағы кейбір заңнамалық актілердегі олқылықтарды жою мақсатында әзірленген.
Атап айтқанда, Ата заңның 13-бабында белгіленген әркімнің сотта қорғалу құқығы адамның және азаматтың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудің кепілдігі болып табылады. Ал, мұндай конституциялық құқық, сондай-ақ соттардың ҚР Конституциялық Кеңесіне жүгіну мүмкіндігі жолымен іске асырылуы мүмкін. Қазақстан Республикасының Конституциясының 78-бабы нақты қылмыстық және азаматтық істерді, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезінде Конституциялық Кеңеске жүгінуінің құқықтық шарттарын жасайды.
Сонымен бірге депутаттар конституцияның аталған бабының ережелерін іске асыру іс жүргізу заңнамасында орын алған олқылықтармен қиындатылғанын, онда Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік-құқықтық актіні немесе оның бөліктерін конституциялық емес деп табудың құқықтық салдары реттелмегенін алға тартады. Осыған орай, заң жобасын қабылдау соттың Конституциялық Кеңеске жүгінуіне байланысты сот ісін жүргізуде туындайтын бірқатар құқықтық қатынастарды реттеуге мүмкіндік беретіні көзделген болатын.
Ал Сенаттағы талқылаулар барысында заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, сенаторлар құқық қолданушы органдар болып табылатын мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың тізбесін нақтылады.
«Соттар сот төрелігін іске асыруда тәуелсіз болғандықтан және тек Конституция мен зңға бағынатындықтан, заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт Конституциялық кеңестің нормативтік қаулысымен сәйкестендірілгенге дейін, соттардың заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні Конституциялық Кеңестің шешімін ескере отырып қолдануына мүмкіндік беретін норма алынып тасталды», - дейді сенатор Людмила Полторабатько.
Тағы бірқатар түзетулер енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.