Сенат ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Үндеуіне орай арнайы қаулы қабылдады
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының кезектен тыс отырысы өтті. Күн тәртібі бойынша палата депутаттары ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа, Сенат және Мәжіліс депутаттарына «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің мүшелеріне арналған Үндеуіне орай арнайы қаулы қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында Палата Төрағасы Қасымжомарт Тоқаев Мемлекет басшысының Үндеуін жариялаған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы осы Үндеуінде Парламенттің ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңына қол қоюдан бас тартқан еді. Және депутаттардан бұл ұстанымын дұрыс түсінулерін өтінген.
Үндеуде Мемлекет басшысы: «Мен қоғамдық пікірде берік қалыптасқан «Ел Басы» мәртебесін заңдастыру туралы Парламенттің шешімін түсіністікпен қабылдаймын.
Әлеуметтік зерттеулер бүгінде Қазақстан халқының басым көпшілігі осы идеяны қолдайтынын көрсетіп берді. Сондықтан, мен еңбегімді бағалап, қолдау білдіргендері үшін қазақстандықтарға шынайы алғысымды білдіремін.
Сонымен қатар, мен Ел Басы мәртебесін тек заңдармен немесе өзге де құқықтық актілермен белгілеуге болмайды деп есептеймін.
Мемлекет басшысына қосымша өкілеттіктер беру туралы мұндай тәжірибелер әлемдік қолданыста аз емес.
Біздің таяудағы тарихымызда мұндай жағдай бұрын болған, мен онда реформаларды пәрменді жүргізу үшін қосымша өкілеттіктер сұраған едім. Ол уақытта бұл біздің еліміздің посткеңестік кезеңдегі күйзелістен шығуында шешуші фактор болды.
Егер болашақта елдің дамуы мен азаматтардың қауіпсіздігіне, мемлекеттің тұтастығы мен ұлттың мүддесіне қатер төндіретін алмағайып заман туса, мен қосымша өкілеттіктер сұраймын және бұлтартпас тұжырым арқылы халықтың қолдауына толық ие боларыма күмәнім жоқ», деген еді.
Палатаның отырысы барысында сенаторлар Елбасы ұстанымымен келісіп, дауыс берді.