Сенат құқық бұзушылықтың алдын алу туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасының мақсаты құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты орнықтыру болып табылады. Сонымен бірге, құжат құқық тәртібін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз ету, құқық бұзушылық профилактикасының тиімді жүйесін қалыптастыру шараларын қамтиды. Бұдан басқа, бұл бағытта атқарушы билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, құқық қорғау органдарының, әлеуметтік мекемелердің, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың өзара іс-қимылын жетілдіру мәселелері көзделіп отыр. Сондай-ақ, заң жобасында құқық бұзушылықтың алдын алатын субъектілердің іс-қимылын үйлестіру, бостандықтан айыру орындарында жазасын өтегендерді әлеуметтік бейімдеу шаралары және халықтың құқықтық мәдениетін арттыру қарастырылған.
Құжатты талқылау барысында жоғары палата депутаттары бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтқанда, сенаторлар белгілі бір тұрғылықты жері немесе құжаттары жоқ адамдарға қатысты жеке профилактика шарасы ретінде жүріп-тұру бостандығын алдын ала шектеуді ұсынды. Бұл ұсыныс Конституциялық кеңестің Парламентке жолдауын іске асыру мақсатында жасалып отыр. Осыған орай, Парламент Сенаты аталған заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Сондай-ақ, палата отырысы барысында осы заң жобасының ілеспе құжаты болып табылатын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына да өзгерістер енгізіліп, Мәжіліске қайтарылды.