Сенат құқық қорғау қызметі туралы заң жобасын Мәжіліске жіберді
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында «Құқық қорғау қызметі туралы» заң жобасын талқылап,
құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен заң жобасын Мәжіліске қайтарды.
Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы құқық қорғау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарда қызмет атқаруға бірыңғай көзқарасты белгілеуге бағытталып отыр. Бұл ретте құжат бойынша прокуратура, ішкі істер, қаржы полициясы және кеден органдары, қылмыстық-атқару жүйесі мен мемлекеттік өртке қарсы қызметтің міндеттері мен әлеуметтік кепілдіктері қамтылады. Атап айтқанда, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтық мәртебесін және олардың қызметті атқаруын біріздендіруді қамтамасыз ету, кандидаттардың міндетті түрде тағылымдамадан өтуі арқылы құқық қорғау органдарына қызметке қабылдаудың конкурстық тәртібін белгілеу ұсынылады. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдарының лауазымдарына бірыңғай біліктілік талаптарын белгілеу үшін негіздер жасау шаралары көзделеді.
Жобаны талқылау барысында сенаторлар бірқатар түзетулер жасады. Атап айтқанда, заң жобасы бойынша мемлекеттік және ресми тілдердегі мәтіндерді сәйкестендіруді көздейтін түзетулер жасалды. Бұдан бөлек, атыс қаруын, арнаулы құралдар мен дене күшін қолданудың шарттарын көздейтін жаңа бап ұсынылған.