Сенат ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын құжатты талқылауды кейінге қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында педофилия мен ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу нормалары бойынша заң қаралуы тиіс еді. Алайда бұл құжат күн тәрбінен алынып тасталды. 

Сенат ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын құжатты талқылауды кейінге қалдырды
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Атап айтқанда, бұл құжатта балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау мақсатында жария кеңістікте, сондай-ақ масс-медианы, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалана отырып, педофилияны және дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттайтын ақпаратты орналастыруды шектеу жөніндегі нормалар көзделген.

— Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарау кейінге қалдырылды. Өйткені оның жекелеген нормаларын қосымша пысықтау қажет болды. Осы заңмен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 12 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін атап өту маңызды. Сондықтан бұл ауқымды жұмыс пен қосымша уақытты қажет етеді. Сонымен қатар, бұл заң балалардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерді де реттейтінін және ол әрқашан салмақты, ерекше көзқарасты талап ететінін ескере отырып, Палата депутаттары заңды кейінірек қарау туралы шешім қабылдады, — делінген Сенаттың баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Еске салсақ, биыл 12 қарашада Парламент Мәжілісі балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға қатысты жаңа нормаларды қабылдағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар