Сенат «Мәдениет туралы» заң жобасы бойынша келісім комиссиясының құрамына депутаттарды сайлады
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Мәдениет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша келіспеушіліктерді еңсеру үшін келісім комиссиясын құру туралы мәселені қарады.
Комиссия құрамына Сенат тарапынан мүшелер сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасы мәдениет туралы ұлттық заңнаманы отандық кинематографияны, мұражай және кітапхана ісін қолдау және дамыту, сондай-ақ мәдени құндылықтарды қалыптастыру мен сақтау бөлігін одан әрі жетілдіру көзделеді. Заң жобасымен кинематография саласы бойынша түсініктемелік аппаратқа бірқатар жаңа ұғымдар енгізілген. Бұған қоса кинематография ұғымы да нақтыланып, кино сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында кинофильмдерді индексациялау жүйесі айқындалып отыр. Жобада фильмдерді 6 санат бойынша бөлу ұсынылады. Сонымен бірге, прокаттық куәліктер беру шаралары да қарастырылды. Бұдан басқа, ұлттық кино ұғымын айқындауға қатысты 4 өлшем анықталған еді, Сенат қабырғасындағы талқылау барысында бұл тағы бір өлшеммен толықты. Бұдан басқа, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сенаторлар бірқатар түзетулер енгізген болатын. Атап айтқанда, жоғары палата депутаттары фильмге қатысты прокаттық куәлікті кері қайтармай-ақ беру тәртібін ескертуді ұсынып отыр.
Келісім комиссиясының құрамына Сенат тарапынан депутат Талғатбек Абайділдін, Ғарифолла Есім және Төлеген Мұхамеджановтар сайланды.