Сенат «Мәдениет туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарды
АСТАНА. Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Мәдениет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады, құжатқа бірқатар түзетулер енгізілгендіктен ол Мәжіліске қайтарылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы мәдениет туралы ұлттық заңнаманы отандық кинематографияны, мұражай және кітапхана ісін қолдау және дамыту, сондай-ақ мәдени құндылықтарды қалыптастыру мен сақтау бөлігін одан әрі жетілдіру көзделеді.
«Кинематография саласы бойынша түсініктемелік аппаратқа бірқатар жаңа ұғымдар енгізілді. Бұған қоса кинематография ұғымы да нақтыланып, кино сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында кинофильмдерді индексациялау жүйесі айқындалып отыр. Жобада фильмдерді 6 санат бойынша бөлу ұсынылады. Сонымен бірге, прокаттық куәліктер беру шаралары да қарастырылды. Бұдан басқа, ұлттық кино ұғымын айқындауға қатысты 4 өлшем анықталған еді, Сенат қабырғасындағы талқылау барысында бұл тағы бір өлшеммен толықты», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева. Оның айтуынша, заң жобасының негізгі жетістігі мәдениет ұйымдарының ең төменгі мемлекеттік нормативі мен типтік үлгі штаттарын Үкімет қаулысымен бекіту жөніндегі норманың енгізілуі болып табылады. «Бұған дейін мәдениет ұйымдарының типтік үлгі штаттары тек министрдің бұйрығымен бекітілетін. Соның кесірінен мәдениет саласы қажетті мамандармен, қаражатпен тиісті деңгейде қамтамасыз етілмей келеді», деді Ж. Құрманғалиева.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сенаторлар бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтқанда, жоғары палата депутаттары фильмге қатысты прокаттық куәлікті кері қайтармай-ақ беру тәртібін ескертуді ұсынып отыр. Бұдан басқа біршама өзгерістер нақтылау және редакциялық сипатта болып табылады.