Сенат мақұлдаған заң: Ұлттық ғылым академиясының ғылымда рөлі күшейеді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым, ғылымды қажетсінетін аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.

ғылым академиясы
Фото: ticketon.kz

Заң ғылымды дамытудың тиімді және тұтас моделін қалыптастыруға, ғылыми нәтижелерді нақты экономикаға енгізуге және елдің ғылыми-технологиялық дамуын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Сондай-ақ, заң ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала және әскери қызмет мәселелерін де қамтып отыр.

- Біріншіден,заңмен ғылымды қажетсінетін аумақтарды қалыптастыру көзделген. Аталған аумақтар ғылыми қалашықтар немесе ғылыми-технологиялық парктер түрінде құрылып, ғылым, технология және жоғары технологиялық өндірістердің шоғырлануына мүмкіндік береді. Олардың құқықтық мәртебесі, басқару тетіктері, қаржыландыру көздері және мемлекеттік қолдау шаралары нақты айқындалған. Сонымен қатар салық бойынша ынталандыру, арнайы экономикалық аймақ тәртібін пайдалану, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері қарастырылып, кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс орналастыру көзделеді. Екіншіден, маңызды бағыттардың бірі – ғылымды қаржыландыру жүйесін жетілдіру. Заңда ғылыми жобаларды іске асырудың нақты тәртібі белгіленіп, жобалардың мерзімі шарт жасалған күннен бастап барлық кезеңдерді толық қамтитын болады. Бұл ғылыми жобалардың тұрақты қаржыландырылуын қамтамасыз етеді, - деді сенатор Алтынбек Нухұлы.

Мұнымен қоса, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру, халықаралық ғылыми ынтымақтастық аясында бірлескен жобаларды қолдау және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру шаралары күшейтіледі. Осының нәтижесінде ғылыми зерттеуден бастап оны өндіріске енгізуге дейінгі толық цикл қалыптасады. Бұдан бөлек, конкурстар нәтижелерін жариялау мерзімдерін белгілеу, жобалардың құнын негіздеу және қаржыландыру көлемдерін бекіту тәртібін нақтылау көзделген.

- Ғылыми инфрақұрылымды дамыту және цифрландыру қарастырылады. Заңда ұжымдық пайдаланылатын зертханалар институты енгізіледі. Бұл ғылыми жабдықтарға тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп, инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және артық шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, студенттер мен жас зерттеушілерге ғылыми инфрақұрылымды кеңінен пайдалану мүмкіндігі беріледі. Бұл ғылымның бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастыруға ықпал етеді, - деді депутат.

Ұлттық ғылым академиясының қызметін жетілдіру

Заңда Академияның институционалдық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған нормалар енгізілген. Атап айтқанда, оның мүліктік негіздері, басқару тетіктері және стратегиялық зерттеулер жүргізу құзыреті нақтыланады.

Заң аясында ғылым мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының рөлі жоғары ғылыми ұйым әрі қазақстандық ғылымның болашағын айқындайтын негізгі орталық ретінде күшейтіледі. Ғылымның жай-күйі мен даму үрдістері туралы жыл сайынғы ұлттық баяндама әзірленеді. Бұл ғылымды жүйелі түрде жоспарлауға мүмкіндік береді.

Бұл заңда ғалымдардың мәртебесін күшейту және әлеуметтік кепілдіктерін кеңейту ескерілген. Ғалымдардың құқықтары, академиялық еркіндігі және еңбекақы төлеудің бірыңғай тәсілдері заңнамалық деңгейде бекітіледі. Сонымен бірге, ғылыми қызметкерлерге берілетін 56 күндік еңбек демалысын барлық ғылыми ұйымдарға тарату көзделген.

Дәрілік заттарды тіркеу

- Заңда денсаулық сақтау саласына қатысты да маңызды өзгерістер қарастырылған. Атап айтқанда, дәрілік заттарды тіркеу рәсімдері оңтайландырылып, композиттік мемлекеттік қызмет енгізіледі. Бұл тіркеу мерзімін екі еседен астам қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, дәрілік заттардың сапасын бақылау күшейтіліп, референс-орталықтар құру арқылы медициналық көмектің сапасын арттыру көзделген, - деді Алтынбек Нухұлы.

Айта кетейік, заңда ұзақ уақыт комада жатқан азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында олардың туыстарына мүгедектікті рәсімдеуге өтініш беру мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар, сақтандыру төлемдері мен зейнетақы аннуитеттері бойынша құқықтық қорғау шаралары күшейтіледі.

Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы әлемдік ғылыми қауымдастықпен ынтымақтастықты нығайту жолында маңызды қадам жасады.