Сенат Мәсімовтің ҰҚК төрағасы қызметіне тағайындалуына келісім берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутаттар Кәрім Мәсімовті Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы лауазымына тағайындауға келісім берді.
ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков Мемлекет басшысының Сенатқа К.Мәсімовті ҰҚК Төрағасы лауазымына тағайындауға келісім беру туралы өтінішін оқып берді.
Ашық дауыс беру барысында 39 сенатордың барлығы да бір ауыздан оның кандидатурасын қолдады.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін ҚР Президентінің «К.Қ.Мәсімовті Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы қызметіне тағайындау және Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Жарлығы жарияланған болатын.
«Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қызметінен босатылсын. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Үкіметінің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаратын болсын. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің міндеттерін уақытша атқару Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа жүктелсін», - делінген Жарлықта.