Сенат Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заң жобасын талқылады. Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.
Естеріңізге сала кетейік, заң жобасы мемлекет басшысының 2008 жылғы 6 қарашадағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумда жүктеген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленіп отыр. Бұл ретте заң жобасымен мемлекеттік органдардың бақылаушылық-қадағалаушылық қызметін жүзеге асыру мәселелерін жалпы реттеу және оның негізгі принциптерін бекіту үшін бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыру көзделеді. Сонымен қатар құқықтық реттеудің белгілеген салаларының өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, бақылау-қадағалау жүргізуді салалық заңнамалық актілерде қалдыру ұсынылады.
Мәселен, заң жобасының күші прокуратура жүзеге асыратын қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу, жедел іздестіру қызметі барысындағы бақылау мен қадағалауға, мемлекеттік құпиялар туралы заңнама талаптарының сақталуын бақылауға, инвестицияларды жүзеге асыруға арналған келісімшарттар талаптарының сақталуын бақылауға байланысты қолданылмайтын болады. Бұдан басқа, заң жобасымен тексерілетін субъектілерді тәуекелі жоғары, орташа немесе болмашы топтарға жатқызған кезде жоспарлы тексерулер жүргізудің кезеңділігі айқындалады. Бақылау, қадағалау жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының тексерілетін субъектілердің құқықтары мен міндеттері белгіленеді.
Құжатты талқылау барысында Сенат тарапынан бірқатар түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, жоғарғы палата депутаттары заң нормасындағы қате сілтеме жасауға жол берілген тармақшаларды алып тастауды ұсынады.