Сенат мемлекеттік материалдық резерв туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған құжаттың негізгі мақсаты «Мемлекеттік материалдық резерв туралы» және «Мемлекеттік құпиялар туралы» қолданыстағы заңнамаларды мемлекеттік материалдық резерв жүйесін дамытудың тұжырымдамалық көзқарастарына сәйкестендіру, сондай-ақ құқықтық олқылықтардың орнын толтыру болып табылады. Мәселен, «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңындағы мәліметтерден құпияландыруға, орналастыруға жататын материалдық құндылықтарды сақтау жөніндегі баптар алып тасталынады. Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың айтуынша, бұндай өзгертулер әлеуетті өнім берушілер тобын ұлғайтуға, тауар бағасына оңды ықпал етуге, материалдық құндылықтарды уақтылы шығаруға септігін тигізетін болады.
«Заң жобасы - гуманитарлық көмектер мен бірінші кезектегі іс-шаралар көрсету кезінде жедел материалдық резервтен материалдық құндылықтарды пайдалану мәселелерін де қамтиды. Бұл ретте табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарымен күресте шапшаң әрекет ету шаралары қарастырылып отыр. Бұдан басқа, мемлекеттік материалдық резерв саласы бойынша уәкілетті органның құзіретін арттыру қарастырылады. Атап айтқанда, аталмыш органға «броньнан шығарылған» материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервті толықтыру мақсатында аудару шешімін қабылдау құқығы беріледі. Бұндай шара бюджеттік қаражаттарды тиімді үнемдеуге мүмкіндік туғызады», деді заң бойынша баяндаған министр Владимир Божко.
Парламент Сенаты Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын талқылау барысында бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтқанда, жоғары палата депутаттары құжатта пайдаланылатын терминологияның бірізділігін, нормалардың ішкі үйлесімін қамтамасыз етуге қатысты өзгерістер енгізген. Бұдан басқа, заң жобасындағы Үкімет құзіреті мен осы саладағы орталық атқарушы органдардың өкілеттігі мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру мәселелері бойынша жаңа өкілеттіктермен толыға түсті.