Сенат мемлекеттік монополия мәселесін қамтыған құжатты Мәжіліске қайтарды
АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік монополия мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда талқылады.
Сенат тарапынан құжатқа бірқатар өзгеріс енгізілгендіктен, жоба Мәжіліске қайтарылды.
Заң жобасы экономикаға мемлекеттің араласуын азайтуды қарастырады. Бұл ретте ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігін, қоғамдық тәртіпті, халық денсаулығын қорғау мақсаттарында кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысуы талап етілетін айрықша жағдайларда ғана мемлекеттік монополия енгізу көзделетін болады.
«Қолданыстағы 10 заңнамалық актіде мемлекеттік монополия туралы нормалар қамтылған. Алайда оның іске асыру тетігі ашып көрсетілмеген. 14 заңнамалық актіде қызмет мемлекеттік монополияға тікелей жатқызылмаған, алайда мемлекеттік кәсіпорынның осы қызметті жүзегеа сыруға айрықша құқығы нақты бекітілген», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев.
Оның айтуынша, заң жобасына сәйкес, мемлекеттік монополияда тек 18 қызмет түрі ғана қалады. Бұдан бөлек, екі қызмет түрі мемлекеттік функцияға жатқызылады.
Заң жобасына бірқатар нақтылау сипатындағы түзетулер енгізілді. Осыған орай, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.