Сенат «Мемлекеттік статистика туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарды
А. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Мемлекеттік статистика туралы» заң жобасын талқылады.
Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасының негізгі мақсаты респонденттердің жүктемесін азайту және статистикалық ақпаратты пайдаланушылардың сенім деңгейін, статистикалық ақпараттың бүкпесіз ашықтығын арттыру болып табылады. Сонымен бірге, құжатта мемлекеттік органдардың, респонденттердің және мемлекеттік статистиканы пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін тиімді бөлу, респонденттер беретін бастапқы статистикалық деректердің құпиялылығын қамтамасыз ету шаралары қарастырылып отыр. Бұдан басқа заң жобасы халықтың, бизнестің, мемлекеттік органдардың және халықаралық ұйымдардың сапалы статистикалық ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталады.
Құжат сондай-ақ статистикалық және статистикалық емес қызметтердің аражігін ажыратуды көздейді. Бұл ретте статистикалық қызметті статистикалық жұмыстар жоспарының шегінде уәкілетті орган мен мемлекеттік органдар және Ұлттық банк жүзеге асырады. Ал статистикалық емес қызметті стратегиялық реттеуші, іске асырушы функцияларын жүргізу аясындағы мемлекеттік органдар жүзеге асырады. Заң жобасында барлық мемлекеттік органдардың есептілігін реттеу шаралары да көзделіп отыр. Жалпы құжат БҰҰ-ның ресми статистиканың негізгі қағидаттарын орнықтыруға бағытталып, халықаралық талаптарға сәйкестігін арттырады.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сенаторлар тарапынан бірқатар бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, құжаттағы «үй шаруашылығы» ұғымының анықтамасы жаңа редакцияда жазылды. Бұдан бөлек Сенат «Қазақстан Республикасының соттары актілерін шығарған кезде алғашқы статистикалық деректер дәлелдеме бола алмайтыны туралы» норманы алып тастады.
Осындай түзетулерден кейін заң жобасы Парламент Мәжілісіне кері қайтарылды.