Сенат меншік құқығын қорғауды күшейту туралы құжатты қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенат меншік құқығын қорғауды күшейту туралы құжатты қабылдады

Заң жобасы түзетулердің төрт тобын қамтиды. Біріншісі банктік қарыз шарттары бойынша түзетулерді ескерген. Мысалы, банктерге, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес банктік қарыз беру шарттары бойынша, сондай-ақ банктік шотқа қарызды есептеуге, банктік шотты жүргізгені үшін комиссия белгілеуге және алуға шектеу қою көзделеді. Аталған операциялар несиелеу процесінің құрамдас бөлігі болып саналады. Сондықтан олар бойынша жеке тұлғалардан қосымша комиссиялар алынбауы тиіс. Жеке тұлға болып саналатын қарыз алушының берешегінің жасанды ұлғаюын болғызбау үшін олардың жылжымайтын мүлік ипотекалық шарттары бойынша алты айлық мерзім өткізіліп алғаннан кейін банктік пайыздардың есептелуін тоқтата тұру ұсынылады.

«Екінші топ жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қоюға қатысты түзетулерді қамтиды. Атап айтқанда, жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қоюға оның нарықтық баға құнымен немесе басқа да жер учаскесін беру шарты сақталған кезде ғана жол беру ұсынылып отыр. Үшінші топ мүлікті тәркілеу кезінде заңдылықты қамтамасыз ету мәселесіне бағытталған. Мысалы, прокурордың құзыретіне зерделеуге жататын мәселелердің тізбесіне ықтимал тәркілеу үшін негіз болып табылатын мүлік «қылмыспен байланысты ма, әлде жоқ па» деген мәселені қарастыру ұсынылады. Сондай-ақ, сот кеңесу бөлмесiнде үкiм шығару кезiнде мүліктің тәркілеуге жататындығы дәлелденгенін немесе дәлелденбегенін шешетін болады. Бұған қоса, соттың мүлікті тәркілеу түріндегі жазаны тағайындау кезінде үкімде нақты қандай мүліктің тәркіленуге жататынын белгілеу көзделеді», - деді Әділет министрі Бекетаев.

Ал төртінші топ мұрагерлік, нотариат, жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушыларының үлестерін бөлу және заңды талаптарды тіркеудің кейбір мәселелері бойынша түзетулерді қамтиды.

«Заң жобасының аясында Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы жолдауын іске асыруға бағытталған заңнамалық ұсыныстар да бар. Ол салық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершіліктің шегін арттыруды, экономикалық қылмыстарды ізгілендіруді және сот жүктемесін төмендетуді көздейтін түзетулер», - деді ведомство басшысы.