Сенат норма шығармашылық қызметіне қатысты келісім комиссиясының ұсынысын қабылдады
АНА. 10 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне норма шығармашылық қызметті жетілдіру мәселелері бойынша
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша келісім комиссиясының ұсыныстарын мақұлдап, құжатты қабылдады. Енді аталған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.
Естеріңізге сала кетейік, аталған заңның негізгі мақсаты - барлық нормативтік құқықтық актілер үшін бірыңғай заң техникасының талаптарын заңнамалық деңгейде реттеу. Бұл ретте құжатта «заң техникасы» және «нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингі» деген ұғымдарды регламенттеу ұсынылады. Бұдан бөлек, заң жобасы мемлекеттік органдар әзірлеген заң жобаларының мәтіндерін олардың өздерінің интернет ресурстарында жариялауды міндеттейді. Ақпарат жүйелерінің қазіргідей шапшаң дамып отырған тұсында бұл шара өзекті болып табылады және құқық насихаттау міндетін атқарады. Құжатты іске асыруға қажетті барлық заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді ұсыну ережелері енгізіледі. Бұл шара заң жобасының жүзеге асырылғаннан кейінгі оның тиімділігін көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол заңнамаға қайшы келетін, ескірген және жемқорлық әрекеттеріне жол беретін құқықтық нормаларды анықтауға жағдай тудырады.