Сенат норма шығармашылық қызметті жетілдіруге бағытталған жобаны Мәжіліске қайтарды

АНА. 12 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне норма шығармашылық қызметті жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылап, бірқатар түзетулерімен Мәжіліске қайтарды.

Сенат норма шығармашылық қызметті жетілдіруге бағытталған жобаны Мәжіліске қайтарды

Аталған заң жобасының негізгі мақсаты - барлық нормативтік құқықтық актілер үшін бірыңғай заң техникасының талаптарын заңнамалық деңгейде реттеу. Бұл ретте құжатта «заң техникасы» және «нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингі» деген ұғымдарды регламенттеу ұсынылады. Бұдан бөлек, заң жобасы мемлекеттік органдар әзірлеген заң жобаларының мәтіндерін олардың өздерінің интернет ресурстарында жариялауды міндеттейді.

Ақпарат жүйелерінің қазіргідей шапшаң дамып отырған тұсында бұл шара өзекті болып табылады және құқық насихаттау міндетін атқарады. Заң жобасына оны іске асыруға қажетті барлық заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді ұсыну ережелері енгізіледі. Бұл шара заң жобасының жүзеге асырылғаннан кейінгі оның тиімділігін көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол заңнамаға қайшы келетін, ескірген және жемқорлық әрекеттеріне жол беретін құқықтық нормаларды анықтауға жағдай тудырады. Сонымен қатар барлық нормативтік-құқықтық актілер үшін бірыңғай заң техникасын бекіту ұсынылады. Жобаны талқылау барысында сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған құжатқа бірқатар өзгертулер енгізді. Атап айтсақ, жоғарғы палата депутаттары заң техникасы мәселелері бойынша жіберілген олқылықтардың орнын толтырды.