Сенат облыстық мәслихат хатшыларының қатысуымен семинар өткізуді жоспарлайды
АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатында палатаның вице-спикері Александр Судьиннің төрағалығымен Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің отырысы болып өтті.
Жиын барысында аталған Кеңестің басшылық құрамы бекітілді. Атап айтқанда, құрамына 20 сенатор енетін Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің төрағасы болып Сенат Төрағасы Қайрат Мәми бекітілді. Бұдан бөлек, басшылық құрамда кеңес төрағасының орынбасарына вице-спикер Александр Судьин тағайындалса, хатшысы болып Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Талғатбек Абайділдин бекітілді.
Бұдан бөлек, кеңес барысында алдағы жұмыс жоспарлары бекітілді. Оған сәйкес, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында сенаторлар облыс мәслихаттарының хатшыларын қатыстырып, семинар-кеңес өткізуді жоспарлайды. «Бұл семинар облыс мәслихаттарының жұмысын үйлестіру үшін аса қажет. Сондай-ақ, бұндай шара Мемлекет басшысының жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту жөніндегі жүктеген тапсырмасын лайықты деңгейде шешуге септігін тигізеді», - деді А. Судьин.