Сенат Оман Сұлтандығымен салық заңнамасын сәйкестендіретін заңды мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM — Сенат Қазақстан Үкіметі мен Оман Үкіметі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салықтан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді ратификациялайтын заңды мақұлдады.
Құжатты сенатор Сұлтанбек Мәкежанов таныстырды.
— Келісімге 2025 жылғы 29 мамырда Астана қаласында қол қойылды және 2025 жылғы 4 қыркүйекте Оман Сұлтандығында келісім ратификацияланды. Келісімнің басты мақсаты — кәсіпкерлер мен инвесторлардың бір табысқа екі мемлекетте қатар салық төлеуіне жол бермеу. Бүгінде мұндай келісімдерге Қытай, Ұлыбритания, Канада, АҚШ, Германия сияқты 55 мемлекетпен қол қойылған, — деді ол.
Депутат соңғы жылдары екі ел арасындағы сауда айналымы да, инвестициялық байланыстар да тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтті.
— Оман мемлекетімен арада соңғы он жылдың ішінде бізде 27 миллион долларға жуық тауар айналымы болды. Оның ішінде тауар айналымдағы импорт 18 миллион доллар болған, ал экспорт 9 миллион долларға жуық. Қазір біздің мемлекетте Оман капиталымен жеті мекеме тіркелген, оның алтауы тұрақты жұмыс істейді, — деді сенатор.
Сондай-ақ, ол келісім талаптары Қазақстан аумағында корпоративтік табыс салығына, жеке табыс салығына, заңды және жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салыққа қолданылатынын айтты.
— Оманда мүліктік және жеке табыс салығы болмағандықтан, табыс салығына байланысты қолданылады. Келісімнің 21-бабына сәйкес, оқытушылар мен ғалымдардың сыйақысы қабылдаушы елде үш жылға дейін салықтан босатылады, — деді Сұлтанбек Мәкежанов.
Келісім мынандай мәселелерді реттейді:
— салық салу мақсатында резиденттікті анықтау;
— тұрақты мекеме құру;
— салық салуға жататын табысты бөлу (дивидендтер, пайыздар, роялти, кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс және т. б.);
— салықтық ақпарат алмасу тәртібі;
— жеңілдіктерді шектеу туралы баптар.
Келісім инвестициялық ахуалды жақсартуға, шетелдік капитал мен технология тартуға, кәсіпкерлер үшін түсінікті әрі тұрақты салықтық орта қалыптастыруға бағытталған.
Еске салсақ, Қазақстан мен Оман энергетика мен цифрландыру салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласып отыр.