Сенат «Оңалту мен банкроттық туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Оңалту және банкроттық туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Заң жобасы оңалту және банкроттық рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған және борышкерді банкрот деп тану негіздерін белгілейді.

Сенат «Оңалту мен банкроттық туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарды

«Банкроттық жүйесін реформалауға байланысты өзгерістердің бір топтамасы төлемге қабілетсіздікті шешу қағидаттарын өзгертуге негізделеді. Біздің қолданыстағы тәртіп біршама деңгейде кәсіпорындарды таратуға бағытталған және қаржылық сауықтыру рәсімдерін қолдануды ынталандырмайды. Ал банкроттық жүйені реформалау «көлеңкелі экономикаға» қарсы іс-қимыл жасау шараларының бірі болып табылады. Өйткені, бүгінгі таңда көптеген жосықсыз борышкерлер банкроттық рәсімін жауапкершіліктен және кредиторлар алдындағы өз міндеттерін орындаудан жалтару әдісі ретінде пайдаланып отыр», - дейді Премьер-Министр орынбасары-Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов. Оның айтуынша, заң жобасында банкроттық жүйеге көзқарастарды өзгерту көзделеді. Мұнда ең алдымен сырттай бақылаушыдан уақытша басқарушы тұлғаны енгізуге көшу қарастырылады. «Бүгінгі сырттай бақылау рәсімі тиімсіз әрі борышкердің төлемге қабілеттілігін нақты шеше алмайды. Сондықтан да заң жобасымен осы рәсім алынып тасталады», - дейді Б. Сұлтанов. Сонымен қатар, борышкердің жауапкершілігі күшейтіледі. Бұл оның лауазымды адамдарымен субсидиарлық жауапкершілікті белгілеу арқылы күшейтіледі. Министрдің айтуынша, осы нормалар қасақана банкроттық жағдайларды біршама қысқартады деп күтіледі. Талқылау барысында Сенат Мәжіліс мақұлдаған құжатқа біршама өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, «жалған банкроттық» ұғымы жаңа редакцияда жазылып отыр. Бұдан басқа да бірқатар нормалар нақтыланады.