Сенат өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер енгізілген заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Заң жобасы екінші оқылымға әзірлеуге тапсырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасы халықтың, заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер мүлкінің қорғалу деңгейін олардың қауіпсіздігі жай-күйін бағалауды тәуелсіз сарапшы ұйымдар саласына енгізу жолымен арттыру мақсатында әзірленген. Сонымен бірге, құжат бойынша мемлекеттік өрт бақылау органдары жүзеге асыратын тексерістер санын қысқарту есебінен қорғау нысандарына әкімшілік жүктемені азайту және бақылау қызметінің нысандары мен әдістерін жетілдіру шаралары да қамтылады. Заңнамалық деңгейде сарапшы ұйымдарды аккредиттеу тәртібі, сарапшы ұйымдардың да, уәкілетті органның да қатерді бағалау саласындағы құқықтары мен міндеттері айқындалады.
«Өрт қауіпсіздігі саласында тәуелсіз сарапшы ұйымдар жүйесін енгізу мемлекеттік бақылау жүргізудегі ашықтықты қамтамасыз етеді, бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шара ретінде қарастырылып отыр. Сонымен бірге, мемлекеттік өрт бақылау органдары жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бір бөлігін тексеруден босатылады, олардың негізгі күші қауіптілігі жоғары және әлеуметтік нысандарды бақылауға қарай бағытталады. Сонымен бірге, құжатта қарастырылған нормалар арқылы кәсіпкерлік қызметті тексеру үдерістері біршама қысқарады», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко.
Оның айтуына қарағанда, құжат бойынша өртке қарсы ерікті құрылымдарды құру және олардың қызметін жүзеге асырудың тәртібі регламенттелетін болады.