Сенат осы сессиядағы өз жұмысын аяқтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының ағымдағы жылғы сессиясының соңғы жалпы отырысы болып өтті.
None
None

Жиынды қорытындылаған Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев заң шығарушы орган ретінде палатаның Үкіметпен бірлесіп, қоғам өмірін түбегейлі жаңғыртатын бағдарламаларды толығымен қамтамасыз етіп келе жатқанын атап өтті. «Сессия барысында палатаның заң шығармашылық жұмысы нәтижелі болды. Елбасының стратегиялық реформаларын және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға қажетті заңдар дер кезінде қабылданды. Сенат ағымдағы жылғы қаңтар-наурыз айларында Мәжілістің жаңа құрамы жасақталғанға дейінгі уақыт ішінде Парламенттің заң қабылдау функциясын ойдағыдай орындап шықты. Осы кезеңде жоғары палата еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті 57 заң жобасын мұқият пысықтап қабылдады. Жалпы алғанда жылдың басынан бері Парламентте 73 заң қабылданды», деді Қ. Тоқаев.

Спикердің айтуынша, Сенат қызметінің басқа да бағыттары бойынша, соның ішінде халықаралық саясаттың күн тәртібіндегі өзекті мәселелеріне арналған бірқатар маңызды шаралар табысты өтті. «Сенат депутаттарының бастамашылығымен Еуразиялық экономикалық одақ және ДСҰ жағдайында отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған маңызды Парламенттік тыңдау өткізді. Дүниежүзілік парламенттер мен дін лидерлері өкілдерінің, саясаткерлердің қатысуымен терроризмнің алдын алудағы діндердің рөліне арналған халықаралық конференция да ойдағыдай өтті. Әлемнің қырық бір елінен келген екі жүзден астам делегат терроризм мен экстремизмді айыптап, әлем қауымдастығын осы бағыттағы күреске күш біріктіруге шақырған мәлімдеме жасады. Форум делегаттары Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне қызу қолдау көрсетті», деді Сенат төрағасы.

Соңғы жаңалықтар