Сенат отырысына Қазақстан мен Өзбекстанның стратегиялық әріптестік туралы шарты шығарылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.
Шарт талаптарына сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстан өздерінің қарым-қатынастарын теңдік, өзара сенім, стратегиялық әріптестік негізінде қалыптастыратын болады. Құжат бойынша, тараптардың екеуінің де қауіпсіздік мүдделеріне немесе олардың бірінің қауіпсіздігі мүдделеріне теріс әсер тигізуге ықпал ететін ахуал туындаған жағдайда оны реттеу үшін ұстанымдарды келісу мен шараларды үйлестіру мақсатында консультациялар жүзеге асады. Сонымен бірге, Қазақстан мен Өзбекстан өзара әскери және әскери-техникалық салаларда, азаматтық қорғаныс саласында ынтымақтасады, сондай-ақ ғылым мен техника, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет, туризм мен спорт саласындағы ынтымақтастықты көтермелейді.
Жалпы, алғанда құжат аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында өзекті халықаралық мәселелер бойынша екіжақты саяси диалогты дамытуды қарастырады.
Комитет мүшелері заң жобасын Сенаттың жалпы отырысына шығару туралы келісті.