Сенат отырысына қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық атқару кодекстерінің жобалары шығарылады

АСТАНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Бюросының отырысында Палатаның 30 мамырда болатын кезекті жалпы отырысының күн тәртібі қаралды.

Сенат отырысына қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық атқару кодекстерінің жобалары шығарылады

Президенттің ұсынуына сәйкес, сенаторлар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын қызметтен босату және сайлау туралы мәселелерді қарайды. Бюро Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне Мемлекет басшысы ұсынған кандидаттарды талқылауды және олар бойынша қорытынды әзірлеуді тапсырды.

Сенат отырысына Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық атқару кодекстерінің жобалары бірінші оқылымда қарауға шығарылады. Сонымен қатар, бірқатар заңнамалық актілерге қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер және кейбір конституциялық заңдарға қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер жобасы қаралатын болады. Одан басқа, жоғары палатаның отырысына бірқатар заңнамалық актілерге этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бірінші оқылымға шығарылатын болды.

Бюро отырысында Мәжілістен түскен заң жобалары бөлініп берілді. Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына бас комитет болып белгіленді. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Кәсіптік одақтар туралы» және заңнамаға кәсіподақтар қызметі және еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша ілеспе заң жобаларына бас комитет болды.