Сенат өзара сақтандыру мәселесіне арналған жобаны Мәжіліске қайтарды
АСТАНА. Қазанның 22-cі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті және өзара сақтандыру, салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылады.
Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл заң жобасының мақсаты сақтандырудың міндетті түрлерін қарастыратын заңнамалық актілердің жекелеген ережелерін нақтылау мен реттеуге бағытталады. Бұдан басқа, құжатпен өзара сақтандыру қоғамдарын дамытуды одан әрі ынталандыру, сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың мүліктік және әлеуметтік мүдделерінің құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ салық әкімшілігін жүргізуді жетілдіру шаралары көзделеді.
Атап айтқанда, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірген зиян үшін жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі функцияны өмірді сақтандыру жөніндегі сақтандыру ұйымдарына беру көзделеді.
Сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын бірқатар нормамен толықтырды. Мәселен, сенаторлар сақтандыру шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда, төлеуге жататын сақтандыру сыйақысының әділетті есептелуін белгілеу мақсатында бірқатар түзетулер ұсынып отыр. Бұдан басқа өзгерістер редакциялық және нақтылау сипатында.