Сенат «Прокуратура туралы» Конституциялық заңды қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенаты «Прокуратура туралы» Конституциялық заңды қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Заң жобасын Сенат депутаттарына ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев таныстырды.
«Бірінші тарауда прокуратураның мақсаттары мен міндеттері бекітілді. «Прокуратура өз міндеттерін адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жүзеге асырады» делінген. Мұндай бап заңнамада алғаш рет беріліп отыр. Сонымен қатар, жобада барлық қызмет бағыттары бойынша прокурорлардың құзыреттері тізбелеп берілген. Бұл ең алдымен азаматтар үшін маңызды. Олар прокурордың заңда бар құқықтары мен міндеттерін толық білетін болады. Екіншіден, жүйелі түрде адам құқықтарын қорғау үшін прокурорлар қандай міндеттер атқаруға тиіс екені нақты жазылып отыр», - деді Әсет Шындалиев.
Оның мәліметі бойныша, заң жобасында «тексеру барысында талдау немесе актілерге бағалау жасаған кезде мәліметтер мен құжаттарды алдыруға, лауазымды, басқа да адамдардан жауап алуға, сараптама тағайындауға құқылы» деп көрсетілген.
«Сонымен қатар, заңсыз актілерді тоқтата тұруға, заңсыз тыйым салынса, шектеу қойылған болса, олардың күшін жоюды талап етуге, заңсыз ұсталған адамдарды дереу босатуға міндетті.
Заң жобасында «Адам құқықтарын қорғау бойынша өзара іс-қимыл» деген бап енгізілді. Бұл бапта Адам құқығы жөніндегі өкілдің мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеу негіздері бектілген», - деді Бас прокурордың орынбасары.
Сенат депутаттары аталған конституциялық заңды мақұлдау туралы шешім қабылдады.