Сенат Ресейге Балқаш торабын беру шарттарын қамтыған келісімді қабылдады
2014 жылғы 2 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Келісім Қазақстан аумағында орналасқан Балқаш торабын Ресей тарапына беру шарттарын, оны одан әрі пайдалану тәртібін айқындайды және Балқаш торабы бойынша 1994 жылы қабылданған келісімді алмастыратын болады.
Құжатқа сәйкес Ресейге пайдалану үшін берілетін Балқаш торабы Қазақстанның меншігі болып қала береді, ал ол жылжымайтын және жылжымалы мүліктен және Балқаш торабының инфрақұрылымы орналасқан жер учаскелерінен тұрады. Бұл ретте инфрақұрылым мен жер учаскелері Ресейге тек нысаналы мақсатта пайдалануға беріледі. Ресей тарапы Қазақстанның мемлекеттік және әскери басқару пункттеріне зымыран шабуылы туралы ескерту жүйесінен және ғарыш кеңістігін бақылау жүйесінен ақпараттар береді. Ресей Балқаш торабының жер учаскелерін Тараптардың немесе үшінші елдердің өзге де жеке және заңды тұлғаларына пайдалануға бере алмайды. Келісім тоқтатылғаннан кейін Балқаш торабы келісімде көрсетілген шарттар мен мерзімдер бойынша Қазақстан тарапына берілетін болады.
Құжат жылжымалы және жылжымайтын мүлікті қабылдау мен беру және оны түгендеу тәртібін реттейді. Залалды өтеу, даулар мен келіспеушіліктерді шешу тәртібі туралы ережелер де белгіленген. Келісімді ратификациялау Қазақстандық Балқаш торабын одан әрі пайдалану мәселесін заңнамалық реттеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ оны пайдалануда жаңа тәсілдерді әзірлеуге қызмет етеді.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.