Сенат республикалық бюджет туралы заңды Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңы қаралды. Сенат заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.

Сенат Парламента РК ҚР Парламентінің Сенаты
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«2025 жылға түсімдер осы жылмен салыстырғанда 1,2 трлн теңгеге ұлғая отырып, 21,7 трлн теңге деңгейінде болжанды. 2025 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7% деңгейінде ескерілген, ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,9%-ға дейін төмендейді. Бюджеттің 2025 жылға арналған шығыстары түсімдер мен тапшылықты ескере отырып, 25,8 трлн теңгені құрайды, яғни биылмен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге ұлғайып отыр. Парламент Сенатында заңды талқылау барысында бірқатар ұсыныс енгізілді. Олар халықты таза сумен қамтамасыз ету, газдандыру жүйесін, жылу электр энергетикасын, көлік, инженерлік-коммуникация инфрақұрылымына, сондай-ақ «Ауыл - Ел бесігі» жобасын іске асыруға қосымша шығыстар көзделген», - деді ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев.

Оның айтуынша, бюджет өткен жылдардағыдай әлеуметтік бағдарланған болып қала береді. 2025 жылы әлеуметтік саланың шығыстары осы жылға қарағанда 871 млрд теңгеге ұлғайып, 9,8 трлн теңге көлемінде жоспарланды. Оның бюджет шығыстарындағы үлесі 38 пайызды құрайды. Бірінші басымдық – әлеуметтік қамтамасыз ету және азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету. 2025 жылға әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар – индекстеу мен төлемдерді алушылар санының ұлғаюын ескере отырып, 6 трлн теңге сомасында қарастырылған.

Екінші басымдық – білім беруді дамыту. 2025 жылы бұл бағытқа шығыстар 1 трлн теңгеге жетті.

Денсаулық сақтау жүйесіне 2025-2027 жылдарға арналған шығыстар 7,6 трлн теңгені құрайды, оның ішінде биылмен салыстырғанда 188 млрд теңгеге ұлғайып, 2025 жылға 2,5 трлн теңге қарастырылған. Жалпы, 2025 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 1,6 трлн теңге сомасында шығыстар жоспарланды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 675 млрд теңге, оның ішінде мемлекеттік жарналарға 668 млрд теңге көзделген.


Ал 2025 жылы туризм мен спортты дамытуға республикалық бюджет шығыстары 141 млрд теңге, ал мәдениет пен ақпаратты дамытуға 165 млрд теңге көлемінде жоспарланған.

«Өңірлерді қолдау бойынша 2025 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 7,5 трлн теңге бөлінеді. Бұл сома осы жылмен салыстырғанда 452 млрд теңгеге артық. Ол – бюджеттің жалпы шығыстарының шамамен 30 пайызын құрайды. Бұдан бөлек, экономиканың нақты секторын дамытуды қолдау бойынша келер жылы 2,1 трлн теңге қарастырылған. Оның ішінде, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамыту күшейтілді. Осы бағытқа 2025 жылы биылмен салыстырғанда 30%-ға ұлғая отырып, 635 млрд теңге қарастырылды. Көлік саласын дамытуға 2025 жылы 568 млрд теңге бөлу жоспарланған, онда автожол саласын дамытуға 423 млрд теңге көзделген», - деді ведомство басшысы.

2025 жылға арналған күш құрылымдарының шығыстары 111 млрд теңгеге ұлғайып, 2,7 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.

«Заң Сеннатта кеңінен талқыланды. Депутаттар көтерген мәселелер өңірлерге қажет қаражат бөлуге арналды. Нәтижесінде, үш жылдық кезеңде 400 млрд теңгеден астам қаражат маңыздылығына қарай қайта бөлінді», - деді Мәди Такиев.

Атап айтқанда, заңды талқылау барысында Сенат комитеттері мен депутаттарының ұсыныстарын ескере отырып, 2025 жылы шығыстарды 60 млрд теңге сомаға ұлғайту қолдау тапты. Шығыстарды ұлғайтуды қаржыландыру Үкімет резерві есебінен жүзеге асырылады. Бұдан басқа, мемлекеттік органдар арасында қаражат қайта бөлінді, сондай-ақ депутаттардың басқа да ұсыныстары қолдау тапты.

Соңғы жаңалықтар