Сенат салық салуды жетілдіруге арналған жобаны бірінші оқылымда мақұлдады
АСТАНА. Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы еліміздің салық салу саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленген. Сонымен бірге құжатта салық салу ставкаларын өзгертуге, тәжірибеде қолданылып отырған ережелерді нақтылауға бағытталған шаралар қамтылып отыр. «Атап айтқанда, салық кодексін әзірлеу кезінде шикізат секторына түсетін салық жүктемесін 2009 жылдан бастап ұлғайтып, кейіннен сақтау көзделген болатын. Дегенмен, салық жүктемесінің деңгейі жер қойнауын пайдаланушыларға салынатын корпоративтік табыс салығымен және пайдалы қазбаларды өндіру салығымен реттеледі. Яғни, корпоративтік табыс салығы төмендеген жағдайда пайдалы қазбаларды өндіруге қатысты салынатын салық ұлғаюы тиіс еді. Осы тұрғыдан келгенде біз 2010-2012 жылдар аралығында корпоративтік табыс салығының мөлшерін 20 пайыздық ставка ретінде қалдырғалы отырмыз. Ендеше, пайдалы қазбаларды өндіру салығы да бұрынғы деңгейде 2010-2012 жылдарға дейін жалғасуы тиіс», деді Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов.
Министрдің атап өткеніндей, заң жобасында корпоративті табыс салығының ставкасын алдағы 3 жылда 20 пайыз мөлшерде ұзарту көзделеді. Сондықтан да аталған кезеңдерде бюджетке қосымша 504 млрд. теңге қаржы түсу болжанып отыр. «Мұндай қаражат мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру үшін қажет», деді министр.