Сенат сайлауы алдындағы кандидаттардың үгіті бүгін аяқталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 қазанда өтетін ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауына қатысты кандидаттардың үгіт-насихат науқаны бүгін, 29 қыркүйекте 24.00 сағатта аяқталады. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов мәлім етті.

Сенат сайлауы алдындағы кандидаттардың үгіті бүгін аяқталады

Оның айтуынша, 2014 жылдың 30 қыркүйегінде, сонымен қатар, дауыс беретін күн - 1 қазанда кез келген сайлау алдындағы үгітке тыйым салынады.

«Үгіт науқанының шеңберінде Сенат депутаттығына кандиаттардың таңдаушылармен кездесулер өткізу кестелеріне сәйкес, 11-29 қыркүйек аралығында 266 кездесу өтті. 48 республикалық және 150 өңірлік басылымда, 16 республикалық және 30 өңірлік телеарналарға, сонымен қатар, 7 ақпарат агенттіктер мен 108 танымал қоғамдық-саяси интернет-ресурстарына мониторинг жүргізілді. Соған сәйкес, 1 тамыз бен 28 қыркүйек аралығында БАҚ-та сайлау науқанына арналған 900-ден астам материал жарық көрді», - дейді Б. Мелдешов. Мұның 256-сы электрондық БАҚ-та, 150-і баспа және 495-і интернет желісінде шыққан.

«Дауыс беруге дейінгі бес күн бойы және дауыс беру күні қоғамдық пікірді сұрау нәтижелерін, сайлау қорытындыларының болжамдарын, сайлауға байланысты басқа да зерттеулерді БАҚ-та жариялауға рұқсат етілмейді», - деп еске салды ОСК хатшысы.