Сенат сайлауы: Түркістан облысында үміткер Мұрат Қадырбек 200 дауыс жинады

Түркістан облысында өткен сайлауға 278 мәслихат депутаты қатысып, өз таңдауларын жасады. Ал, 39 депутат белгілі себептерге байланысты қатыса алмады. Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, екі үміткердің ішінен Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек ең көп дауыс жинаған. Оның кандидатурасын 200 таңдаушы қолдаған.
Ал екінші үміткер – Ақмұратов Мирамбек Жамаділұлына 69 адам дауыс берген. 7 таңдаушы бәріне қарсымын бөлігін белгілесе, 2 бюллетень жарамсыз деп танылған.
Сайлауда жеңіске жеткен Қадырбек Мұрат Болатұлы 1980 жылы Шардара ауданында дүниеге келген. Ұлты - қазақ. Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Білімі жоғары, заңгер, құқықтану магистрі. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Еңбек жолында ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы – әдеп жөніндегі кеңес төрағасы, Арыс қаласының әкімі лауазымдарында еңбек етті. Бүгінгі күнге дейін Жетісай ауданының әкімі қызметін атқарып келді. 2022 жылдың 12 желтоқсанында ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына үміткер ретінде өзін өзі ұсынған.
Айта кетейік, Түркістан облысында сайлау бюллетеніне екі кандидаттың есімі енгізілді. Олардың бірі Жетісай ауданының әкімі болса, екіншісі Ордабасы ауданы әкімдігінің аппарат басшысы қызметін атқарған.
Фото:dalanews.kz