Сенат сайлауында республика бойынша таңдаушылардың келуі 98,7 пайызды құрады - Қ.Тұрғанқұлов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат сайлауында жалпы республика бойынша таңдаушылардың келуі 98,7 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.

Сенат сайлауында республика бойынша таңдаушылардың келуі 98,7 пайызды құрады - Қ.Тұрғанқұлов

ҚР ОСК төрағасының сөзіне қарағанда, ҚР Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысының сайлауды ұйымдастырушылық, қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын уақтылы іске асырды. Аумақтық сайлау комиссиялары барлық қажетті ұйымдастырушылық іс-шараларды Ортсайлауком бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес, сайлау заңнамасы белгілеген барлық рәсімдерді сақтай отырып өткізді.

Айта кетейік, электораттық науқан барысында барлығы 88 үміткер ұсынылды. Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдерге 39 кандидаттың тегі енгізілді. Жалпы республика бойынша таңдаушылардың келуі 98,7 пайызды құрады. Бұл ретте Маңғыстау облысы мен Астана қаласында олардың келуі жүз пайыз болды. Алты өңірде келу 99 пайыздан асты. Тізімдерге енгізілген 3279 таңдаушының 3236-сы немесе таңдаушылардың жалпы санының 98,69 пайызы дауыс беруге қатысты.

Тікелей дауыс беру барысы мен дауыстарды санау рәсімін кандидаттардың сенім білдірген адамдарын, Қазақстан Республикасы саяси партияларының, қоғамдық бірлестіктері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қоса алғанда, жалпы 387 адам байқады.

«Байқаушылардың алдын ала бағалауына сәйкес сайлау науқаны ұйымдасқан түрде, ашық және демократиялық жағдайда өтті. Сайлау процесінің барлық қатысушылары құқықтық кеңістік шеңберінде және еліміздің сайлау заңнамасы белгілеген рәсімдерге сәйкес әрекет етті», - делінген ОСК мәліметінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР ОСК сайлау қорытындыларын жариялап, Сенатқа 16 депутат сайланды.

Айта кетейік, күнтізбелік жоспарға сәйкес, 29 қыркүйекте сағат 24.00-де үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аяқталды. Үгіт-насихат шарасының аясында сайлаушылармен 11-29 қыркүйек аралығында аймақтарда 266 кездесу өтті. 30 қыркүйекте, сонымен бірге дауыс беру күні - 1 қазанда кез келген сайлауалды үгіт-насихатқа тыйым салынды.

Сенат депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асады. Жанама сайлау құқығы Парламент Сенаты депутаттарының сайлауында дауыс беруге тек қана таңдаушылар, яғни мәслихаттар депутаттары ғана қатысады дегенді білдіреді.

Осылайша, өз кезегінде еліміздің азаматтары тікелей сайлауда сайлаған мәслихаттар депутаттары сенаторларды сайлайды, ал олар Парламентте өңір жұртшылығының мүдделерін білдіреді.