Сенат сайлауының алдын ала нәтижесі: қай өңірден кімдер сайланды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қаласы

ОСК жариялаған дауыс берудің алдын ала қорытындысына сай, Астанада қаласы бойынша Сенат төрағасының кеңесшісі Бибігүл Жексенбай (62,2%) ең көп дауыс жинады. Үміткердің кандидатурасын 18 таңдаушы қолдаған. Елордада таңдаушы ретінде тіркелген 31 мәслихат депутатының 29-ы дауыс беруге қатысты.

Алматы қаласы

Мегополисте таңдаушы ретінде тіркелген 37 маслихат депутаты таңдауларын жасады. Дауыс берудің алдын ала нәтижесіне сәйкес, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі Жанна Асанова ең көп дауыс жинады. Оның кандидатурасын 23 таңдаушы қолдады.

«Youthart» ҚҚ директоры Кристина Юрьевна Бекмурзаеваға - 3, «Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжі» МКҚК директоры Жаркын Жаниязоваға - 2, Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаеваға 8 адам дауыс берді.

Шымкент қаласы

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Шымкет қаласынан таңдаушы ретінде тіркелген маслихаттың 30 депутаты дауыс беруге толық қатысты. Алдын ала нәтижеге сәйкес, үш үміткердің ішінен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров (76,7%) ең көп дауыс жинады. Оның кандидатурасын 23 таңдаушы қолдаған.

Фото:wikimedia.org

Абай облысы

ОСК ақпаратына қарағанда, Абай облысынан таңдаушы ретінде тіркелген 123 маслихат депутатының 108-і дауыс беру бойынша бірлескен отырыста таңдау жасады. Дауыс берудің алдын нәтижесіне сәйкес, Семей құрылыс колледжінің директоры Қайрат Тастекеев 82,4% дауыс жинады. Оның кандидатурасын 89 таңдаушы қолдаған.

Фото: kaztag.kz

Ақмола облысы

Ақмола облысында да ҚР Парламенті Сенатының депутатын сайлау аяқталды. Талғат Жүнісов (90,9%) ең көп дауыс жинады. Ақмола облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына үш адам үміткер болған. Сайлау Көкшетау қаласындағы «Bolashaq saraiy» сарайы ғимаратында өтті. Онда өңірдегі әр деңгейдегі мәслихаттардың 233 депутатының 219-ы немесе 94 пайызы дауыс берді, 14 түрлі себептермен дауы беруге қатыса алмады.

Фото: gov.kz

Ақтөбе облысы

Орталық сайлау комиссиясы ұсынған ақпаратқа сәйкес, Ақтөбе облысы бойынша үміткер ретінде тіркелген Амангелді Нұғанов (83,1%) ең көп дауыс жинады. Ал екінші кандидат Дана Бекбауоваға - 15, Рахым Бекназаровқа - 11, Амангелді Нұғмановқа 148 адам дауыс берді. Ал 4 таңдаушы «бәріне қарсымын» деген таңдау жасады.

Алматы облысы

Алматы облысында Сенат депутаттығына үміткер Жанболат Жөргенбаев көп дауыс жинады. Аталған өңірде таңдаушы ретінде тіркелген маслихат депуттарының саны – 204. Сайлаушылардың бірлескен отырысына олардың 185-і қатысып, дауыс берді. ОСК жариялаған дауыс берудің алдын ала қорытындысына сәйкес, үміткер ретінде тіркелген үш кандидаттың ішінен Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев (83,2%) басым дауыс жинады. Оның кандидатурасын 154 таңдаушы қолдаған.

Фото: gov.kz

Атырау облысы

ОСК дерегінше, Атырау облысында Сенат сайлауында Әлібек Нәутиевке (68,6%) көп дауыс берілді. Сенат сайлауы Атырау қаласындағы Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде өтті. Сайлауға Атырау қалалық және жеті аудандық мәслихатының 119 депутаты қатысты. Ал, 13 депутат белгілі себептермен сайлауға қатысқан жоқ.

Фото: azh.kz

Аталған өңірден Сенат депутаты болу үшін 3 кандидат тіркелген. Оның ішінде 1 әйел, 2 ер адам бар.

Батыс Қазақстан облысы

Дауыс берудің алдын ала нәтижесі бойынша Батыс Қазақстан облысында Арман Өтеғұлов 74,% дауыс жинады. Оның кандидатурасын 172 таңдаушының 127-сі қолдаған.

Фото: gov.kz

Жамбыл облысы

Жамбыл облысы бойынша дауыс берудің алдын ала нәтижесіне сәйкес, ең көп дауысты Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев (89,3%) жинады. ОСК ақпаратына қарағанда, аталған өңірден таңдаушы ретінде тіркелген 204 маслихат депутатының 179-ы дауыс беру бойынша бірлескен отырыста таңдау жасады.

Фото: gov.kz

Жетісу облысы

Алдын ала дерек бойынша Сенат сайлауында Жетісу облысынан Амангелді Толамисов (76,3%) басым дауыс жинады. Сенат депутатына дауыс беруге 132 депутат қатысты. Оның 100-і Амангелді Толамисовке дауыс берді. Ал екінші кандидат Ғабит Тұрсынбайды 29 халық қалаулысы таңдады.

Фото:site/universitetzgu/

Айта кетейік, Жетісу облысынан Сенат депутаттаты болуға екі кандидат түсті.

Қарағанды облысы

Орталық сайлау комиссиясы ұсынған дауыс берудің алдын ала нәтижесіне сай, Қарағанды облысы бойынша Серік Өтешов (78,2%) көп дауыс жинады. Қарағанды облысында сенатор мандатына үш адам үміткер болған еді. Парламенттің жоғарғы палатасына сайлау Қарағанды кеншілер мәдениет сарайының ғимаратында өтті. Дауыс беруге облыстың барлық деңгейдегі 14 мәслихатының 191 сайлаушы – депутаттары жиналды. Оның ішінде 147 таңдаушы Серік Өтешовке дауыс берген.

Қостанай облысы

ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауда Қостанай облысы бойынша үміткер ретінде тіркелген Ғауез Нұрмұхамбетовтың кандидатурасын 212 таңдаушы қолдады. Аталған өңірде таңдаушы ретінде тіркелген маслихат депуттары көп – 263. Сайлаушылардың бірлескен отырысына олардың 255-і қатысып, дауыс берді. ОСК жариялаған дауыс берудің алдын ала қорытындысына сәйкес, үміткер ретінде тіркелген үш кандидаттың ішінен Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов (83,1%) көп дауыс жинады.

Қызылорда облысы

ОСК дерегінше, Қызылорда бойынша дауыс берудің алдын ала қорытындысына сәйкес, Руслан Рүстемов (67,4%) дауыс жинады. ҚР Парламенті Сенаты депутаты сайлауында облыстағы 147 мәслихат депутатының 141-і дауыс беруге қатысты. Дауыс беру нәтижесінде Жорабек Нұрымбетовке - 18, Руслан Рүстемовке - 95, Асылбек Шәменовке - 27 таңдаушы қолдау білдірген.

Фото: gov.kz

Маңғыстау облысы

Орталық сайлау комиссиясының ақпаратырна қарағанда Маңғыстау облысында таңдаушы ретінде тіркелген 127 маслихат депутатының 119-ы таңдау жасады. Дауыс берудің алдын ала нәтижесіне сәйкес, Бекбол Орынбасаров (72%) дауыс жинады. Оның кандидатурасын 85 таңдаушы қолдаған. Ал өзге үміткерлер Ирина Беляеваға - 16, Ғаббас Досатовқа – 16 депутат дауыс берген.

Фото: gov.kz

Павлодар облысы

Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауда Павлодар облысы бойынша да дауыс берудің алдын ала нәтижесін жариялады. Оған сай, үміткер ретінде тіркелген Павлодар облыстық мәслихатының хатшысы Ернұр Айткенов (87,1%) ең көп дауыс жинады. Оның кандидатурасын қолдап, 148 таңдаушы дауыс берді.

Фото: gov.kz

Солтүстік Қазақстан облысы

ОСК хабарлағандай, ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша үміткер ретінде тіркелген Гүлмира Кәрімова (80,4%) көп дауыс жинады. Оның кандидатурасын 187 таңдаушының 144-і қолдады.

Фото:gov.kz

Түркістан облысы

Түркістан облысында өткен сайлауға 278 мәслихат депутаты қатысып, өз таңдауларын жасады. Ал, 39 депутат белгілі себептерге байланысты қатыса алмады. Орталық салау комиссиясының мәліметінше, екі үміткердің ішінен Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек (72,5%) ең көп дауыс жинаған. Оның кандидатурасын 200 таңдаушы қолдаған. Ал екінші үміткер – Мирамбек Ақмұратовқа 69 адам дауыс берген. 7 таңдаушы бәріне қарсымын бөлігін белгілесе, 2 бюллетень жарамсыз деп танылған.

Фото:dalanews.kz

Ұлытау облысы

Аталған өңірде таңдаушы ретінде тіркелген маслихат депуттарының саны – 69. Сайлаушылардың бірлескен отырысына олардың 61-і қатысып, дауыс берді. ОСК жариялаған дауыс берудің алдын ала қорытындысына сәйкес, үміткер ретінде тіркелген үш кандидаттың ішінен Сенат депутаты Советбек Медебаев (61,7%) көп дауыс жинады. Оның кандидатурасын 37 таңдаушы қолдаған.

Фото: gov.kz

Шығыс Қазақстан облысы

Бұл облыста таңдаушы ретінде жалпы саны 146 мәслихат депутаты тіркелген. Алайда, сайлаушылардың бірлескен отырысына олардың 122-сі қатысып, дауыс берді. ОСК шығарған дауыс берудің алдын ала қорытындысына сәкес, үміткер ретінде тіркелген Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтығұтов (86%) көп дауыс жинады. Оның кадидатурасын кандидатурасын 104 таңдаушы қолдаған.

Фото: gov.kz


Соңғы жаңалықтар