«Сенат сектанттардың жолын кесетін заң жобасын мақұлдады» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 30 қыркүйек, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Сенат сектанттардың жолын кесетін заң жобасын мақұлдады» - республикалық басылымдарға шолу

***

Облыстардың Астанадағы күндері ел өңірлерінің тәуелсіздік тойы қарсаңындағы өзіндік есебіне айналды. Қостанай, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында мемлекетіміздің мерейлі мерекесіне лайықты дайындық жасалып жатқандығы келісті көрінді. Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Президент Қос­танай, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары жетістіктерінің көрмесімен танысты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Елді еңселендірген өршіл өңірлер табыстары» деген тақырыппен көлемді мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, тұсаукесер аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бейбітшілік және келісім са­райында Оңтүстік Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстары өнер шебер­лері­нің гала-концертін тамашалады.

***

Осыдан бірер күн бұрын Парламент Сенаты «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңды қабылдады. Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріптің арқасынан үлкен жүк түскендей болды. Заңның талқылануы барысында төрағаға не айтылмады дейсіз? Өзі айтпақшы, «отставкаға да кетірді». Бірақ ең бастысы - заң қаптаған діни бірлестіктердің қызметін реттеп, санын азайтпақ. Осы мәселе төңірегіндегі түйткілдерді «Алаш айнасы» газетіндегі «Сенат сектанттардың жолын кесетін заң жобасын мақұлдады» атты сараптамадан оқып-біле аласыздар.

Көне түркінің тылсым сазын қазіргі заман музыкасымен үндестіріп, түрлендіре орындап жүрген «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі құрылғанына азғана уақыт өтсе де дүйім жұртты тәнті етіп келеді. Талантты топтың алғашқы композициялық жинағы былтыр «Тұран» деген атпен жарыққа шыққан болатын. Бұл жолы тұсауы кесілген күйтабаққа «Ер-Тұран» деген ерекше атау берілген. Жаңа жинаққа топ мүшелерінің орындауындағы ескі сарынды қайта түлетіп, жаңаша қырынан жаңғыртқан бірқатар музыкалық туындылар енгізілген. Кезекті табыстарымен бөлісіп, өнерсүйер қауымды үлкен залға жинаған «Тұран» тобы тұсаукесер рәсімін қатып қалған қағидаларға сүйене бермей, бітімі бөлек, айрықша концерт берді. Бұл жөнінде «Алаш айнасы» газетіндегі «Тұран» тағы да таңғалдырды» атты мақалада кеңірек баяндалған.

***

Қандай дамыған ел болмасын, әлемнің алаңдаушылығын туғызып отырған ауру түрлерін жалғыз өзі жеңе алмайды. Себебі жұқпалы дерт атаулы шегендеген шекараңызға қарамайды, ау мен су арқылы тарап кете береді. Олай болса, тізгіндеуге күш бермей тұрған ауру түрлерімен әлем болып күрескен жөн. «Айқын» газетінің жазуынша, дәл осы мәселелерде кеше Астанада басталған Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалығы аясында Денсаулық сақтау министрлерінің Үшінші Ислам конференциясына қатысушылар ортақ ойға бекіген. Мақала «Әлем болып күрескен жөн» деген тақырыппен берілген.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Сыртқы істер министрлігінде ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің көшпелі отырысы өтті. Онда сыртқы ведомство басшысы Ержан Қазыханов елдің сыртқы саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы барысы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, Қазақстан 138 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, 73 елде өз өкілдігін ашқан. Сонымен қатар республикада 107 шетелдік мемлекеттер мен өңірлік және халықаралық ұйымдардың өкілдері тіркелген.