Сенат «шөптік микстерді» сатуға тыйым салатын жобаны Мәжіліске қайтарды
АНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенаторлар «Есірткі, психотроптық заттар,
прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» заң жобасын талқылап, құжатқа түзету енгізілуіне байланысты оны Мәжіліске қайтарды.
Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасына Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған болатын. «Есірткіні пайдаланудың жасөспірімдер арасында кеңінен таралуы қоғамның үлкен алаңдаушылығын тудырып отыр. Қоғам мен әлеумет бұл үдеріске өз ықпалын күшейтулері тиіс. Елімізде халық денсаулығына кері әсер ететін «шөптік микстер» бүгінге дейін еркін сатылып келді. Бұлардың есірткімен әсері бірдей. Өткен жылдың 20 қаңтарында еліміздің Бас санитарының қаулысы бойынша «шөптік микстерді» сатуға тыйым салынды. Алайда, тыйым салу шарасын бұзған азаматтарға тиісті әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған», - дейді заң жобасына бастамашы болған депутат Берік Бекжанов. Оның айтуынша, заң жобасын қабылдау қосымша қаржылық-экономикалық шығындарға соқтырмайды.
Сенаторлар заң жобасына қатысты жалғыз түзету жасап, Мәжіліске қайтарды. Бұған сәйкес, аталмыш заң алғашқы ресми жарияланған кезден бастап емес, он күн мерзім өткеннен кейін қолданысқа енетін болады.