Сенат Сот приставтары туралы заңға енгізілген өзгерістерді қабылдады
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Сот приставтары туралы ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдады. Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.
Аталған заң Мемлекет басшысының құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі Жарлығын орындау мақсатында әзірленген. Оған сәйкес Әділет министрлігіне - атқарушылық құжаттарды орындау, жекелеген негіздемелер бойынша республикалық меншікке айналдырылған мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жұмыстарын ұйымдастыру функциясы беріледі. Ал Жоғарғы соттың жанынан жаңадан ұйымдастырылған соттар қызметін қамтамасыз ету департаментіне - облыстық, аудандық және оларға теңестірілген соттардың қызметін ұйымдастырушылық материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз ету функциялары беріледі.
Бұдан бөлек, аталған департаментке сот приставтарының қызметіне әдістемелік басшылық жасау функциялары мен өкілеттіктері жүктеледі. Ал Жоғарғы соттың жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет таратылады. Заңға сәйкес сот приставтары бөлімшелерін Жоғарғы соттың, жергілікті және басқа соттардың қызметін ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган құрады. Бұдан бөлек, сот приставтарының қызметіне басшылық жасауды уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.